Сайрамда аудан бюджетінің орындалу барысы талқыланды: әкім қосымша кіріс көздерін іздеуді тапсырды

Сайрам ауданында бюджет кірістері мен салық түсімдерінің жай-күйі кезекті рет әкімдік деңгейінде сараланды. Аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен алқалы жиында биылғы қаржылық көрсеткіштер, жоспарлы межелер мен орындалу қарқыны кеңінен сөз болды.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айнұр Айтекеева өз баяндамасында 2025 жылға бекітілген аудан бюджетінің жартысынан астамы игерілгенін мәлім етті. Оның айтуынша, соңғы жылдары аудан экономикасында оң динамика байқалып, кіріс көлемі артып келеді.
Жергілікті қазынаның негізгі тірегі — салық түсімдері. Бұл бағытта Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ұлықбек Халмұрадов жергілікті және республикалық бюджетке түсімдер жоспарға сай орындалып жатқанын атап өтті. Алайда, аудан басшысы қазіргі нәтижелермен шектеліп қалуға болмайтынын ескертті.
«Қосымша кіріс көздерін анықтау мен салық берешектерін өндіру жұмыстары әлі де тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Бұл – түзетуді қажет ететін мәселе», – деді Арман Сабитов.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері салық саясаты мен бюджетке түсетін кірісті ұлғайту тетіктері бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу қорытындысында аудан басшысы жауапты тұлғаларға:
- салық тәртібін бақылауды күшейту,
- кіріс көздерін кеңейту бойынша нақты жоспар түзу,
- салық берешектерін өндіріп алуды жүйелі жолға қою
жөнінде тапсырма берді.
Аудан әкімдігінің айтуынша, мұндай мониторинг жиындары алдағы уақытта тұрақты өткізіліп, қаржылық тәртіп пен бюджет тиімділігі күн тәртібінен түспек емес.





