Сайрамда қауіпсіздік мәселелері пысықталды: Әкім құқық бұзушылыққа “нөлдік төзімділік” ұстанымын еске салды

Сайрам ауданында қоғамдық тәртіп пен отбасы институтын қорғауға арналған маңызды жиын өтті. Аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе — отбасы құндылықтарын сақтау мен қиын жағдайдағы азаматтарға қолдау көрсету болды. Бұл бағытта «Отбасын қолдау орталығы» КММ басшысы Ж. Өтегенов баяндама жасап, орталықтың қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде ауданда 216 маманнан құралған арнайы мобильді топ жұмыс істеп, 238 адам «FSM Social» жүйесі арқылы тіркелген. Нәтижесінде, әлеуметтік осал отбасылар саны 13,4%-ға қысқарған. Зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, кибербуллинг секілді өзекті мәселелерге басымдық берілуде.

Құқықтық тәртіпке келсек, аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Р. Ендібаев аудандағы жалпы қылмыс деңгейі 3,3%-ға төмендегенін айтты. Оның мәліметінше, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 9 950 әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шаралар қолданылған.

Дегенмен, аудан әкімі Арман Сабитов құқықбұзушылықты жоюдағы нақты нәтижелер әлі де көңіл көншітпейтінін атап өтті. Ол құқық қорғау органдарына профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, ал комиссия мүшелеріне өз істеріне бейжай қарамауды тапсырды.

«Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік — әр тұрғынның өмір сүру сапасының кепілі. Біз бұл бағытта жүйелі әрі нақты қадамдар жасауымыз қажет», – деді аудан басшысы.

Комиссия отырысы барысында салааралық үйлесімділік, алдын алу шараларының пәрменділігі және қоғамдық сананы өзгерту механизмдері де қозғалды. Енді алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жаңа қарқынмен жалғасады деп күтілуде.