Сарыағашта сенбіліктер дәстүрге айналды: “Таза Қазақстан” аясында тазалық жұмыстары қарқын алды

Сарыағаш ауданында экологияны жақсарту мен тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру бағытында тұрақты түрде сенбіліктер өткізіліп келеді. “Таза Қазақстан” жалпыұлттық науқаны шеңберінде ұйымдастырылатын бұл шаралар тұрғындар арасында тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға серпін беруде.
Бүгінгі сенбіде де аудан көлемінде ауқымды сенбілік өтті. Таңғы 8-де басталған тазалық шарасына барлық мекеме қызметкерлері жұмылдырылып, өздеріне бекітілген аумақтарда жұмыс жүргізді. Аудан әкімі Арман Айдарұлы да сенбілікке арнайы қатысып, бірнеше нысандарды аралап, жұмыстардың барысын көзбен көріп, бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Сенбілік барысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бойындағы бей-берекет тасталған қоқыстар тазаланды. Сонымен қатар, қураған бұталар кесіліп, талдар әрленіп, арам шөптер орылды. Бұл жұмыстар тек эстетикалық емес, санитарлық маңызға да ие.
Аудан басшысы тазалық шараларын жүйелі ұйымдастырудың қажеттігін атап өтіп, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, мұндай шаралар жалпыхалықтық сипатқа ие болып, экологиялық мәдениетті арттыруға сеп болмақ.
Сенбіліктің негізгі мақсаты – көшені тазарту ғана емес, әрбір тұрғынның өзінің ауласы мен қоршаған ортасына деген жанашыр көзқарасын ояту. Бұл – ұжымдық жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің көрінісі.





