Сайрамда мемлекеттік қызметшілер тартысты спартакиадада бақ сынасты

Сайрам ауданында мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеріп, салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған ерекше шара өтті. 2025 жылдың 21 маусымында Ақсукент ауылындағы «Қайрат» спорт кешені мемлекеттік қызметшілердің нағыз спорт додасына айналды.

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында өткен бұл аудандық спартакиада мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс қарбаласынан сәл де болса сергіп, командалық рухты сезінуге жол ашты. Спорттық сайыстың ашылу салтанатына аудан әкімі А. Сабитов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, денсаулық пен белсенді өмір салтының маңыздылығына тоқталды.

Жарыстар бірнеше бағытты қамтыды:

  • Кіші футбол
  • Үстел теннисі
  • Шахмат
  • Арқан тарту
  • Қол күресі

Спартакиада тартысты әрі қызықты өтті. Мәселен, үстел теннисінен ерлер арасында М. Салибеков топ жарса, әйелдер арасында Д. Саттарқұлова үздік атанды. Кіші футболда экономикалық және әлеуметтік салалардан құралған құрама команда бас жүлдені иеленді.

Қол күресінде де мықтылар анықталды: 70 келіде – Н. Омарбек, 80 келіде – Ғ. Хайдарқұлов, ал +90 келіде – К. Расулметов қарсыластарына дес бермеді. Әйелдер арасында И. Шадиева жеңіске жетті.

Шахмат бәсекесінде А. Пралиевтың ойыны жоғары бағаланды.

Жеңімпаздар аудан әкімдігі атынан арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек спорттық жарыс емес – мемлекеттік қызметшілердің бірлігі мен ұйымшылдығын арттыратын маңызды алаң.