TURAN ӘУЕНІ ӘЛЕМДІ ТАМСАНДЫРДЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістанда өткен халықаралық «Voice of Turan – 2025» қазақ әндері фестивалінде Италиядан келген талантты әнші Vincenzo Cantiello бас жүлдені жеңіп алды. Екі күнге жалғасқан айтулы додада әлемнің 17 елінен келген вокалистер қазақтың ән өнерін шеберлікпен орындап, көпшілікті тәнті етті.

Фестивальге қатысқан елдер қатарында Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Индонезия, Румыния, Тунис, Куба, Оңтүстік Африка, Болгария сынды мемлекеттермен қатар, Татарстан, Башқұртстан, Тыва және Сан-Марино сияқты аймақтар бар.

Қатысушылар Ақан сері, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев, Нұрғиса Тілендиев сынды ұлы композиторлардың әндерін орындап, қазақ музыкасының бай мұрасын әлемге паш етті.

Қазылар алқасы құрамында:

  • Сәкен Майғазиев (төраға)
  • Маржан Арапбаева
  • Мөлдір Әуелбекова
  • Бағлан Омаров
  • Әли Оқапов
  • Мархаба Сәби
  • Мейіржан Алиакбаров

Финалдық кеште қатысушылар қазақ әндерін өз стилінде шырқап, сахнаны көркем өнер мерекесіне айналдырды. Фестиваль аясында отандық эстрада жұлдыздары – Сәкен Майғазиев, Мөлдір Әуелбекова мен Маржан Арапбаева арнайы өнер көрсетті.

Бұл халықаралық мәдени шара Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алғанына жеті жыл толуына орай ұйымдастырылып, Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өтті.

«Voice of Turan – 2025» фестивалі – қазақ әнінің әлемдік сахнадағы беделін арттырып, музыка арқылы мәдени байланыстарды нығайтқан тағылымды жоба болды.