ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КООПЕРАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы әкімдігінде Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті маңына салынатын «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының инфрақұрылым мәселелері қаралды. Жиында жобаның экономикалық маңызы мен оған қажетті инженерлік желілерді тарту барысы кеңінен талқыланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров орталықтың инвестициялық әлеуетіне тоқталып, жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Бұл – өңіріміздің өндірістік және кәсіпкерлік әлеуетін күшейтетін маңызды бастама. Жаңа жұмыс орындары ашылып, логистикалық байланыстар кеңейеді. Мақтаарал ауданы әкімдігі мен тиісті басқармалар бұл жұмысты жедел әрі сапалы орындауға міндетті. Барлық кезең қатаң бақылауда болады, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев инфрақұрылым тарту бойынша есеп беріп, инженерлік желілерге қатысты нақты жобалармен таныстырды. Басқа да басқармалар жобаға қатысты өз ұсыныстарын білдірді.

«Орталық Азия» ХӨКО іске қосылған жағдайда:

  • ✅ Жаңа өндірістік нысандар ашылады
  • ✅ Жұмыссыздық төмендейді
  • ✅ ШОБ белсенділігі артады
  • ✅ Өңірдің логистикалық қуаты нығаяды
  • ✅ Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастық тереңдейді

Кооперациялық орталық шекаралық аймақты ірі экономикалық хабқа айналдыруды көздейді. Бұл бастама Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің өндірістік және сауда байланыстарын нығайтатын маңызды көпір болмақ.