ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ӘЛЕУМЕТТІК АЗ ҚАМТЫЛҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МОДУЛЬДІ ЛАГЕРЬ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Төлеби ауданында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған жаңа модульді жазғы лагерь ашылды. «Төлеби нұры» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің аумағында бой көтерген нысанда жаз бойы жеті ауысыммен 2000-нан астам бала тынығады. Лагерьдің алғашқы ауысымы Қазығұрт ауданынан 300 оқушыны қабылдап үлгерді.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, жаңа лагерьдің балаларға қуаныш пен шабыт сыйлайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба – мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалана отырып, 7500-ден астам қосымша орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген ауқымды бастама.
— Лагерь — болашаққа салынған инвестиция. Мұнда балалардың шығармашылық, спорттық қабілетін дамытып, қауіпсіз әрі мазмұнды орта жасалуы тиіс, — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жиынға облыстық және аудандық басқарма өкілдері, ардагерлер, ата-аналар мен педагогтар қатысты.
Жаңа кешенде 14 модульді үйшікпен қатар, асхана, бассейн, санитарлық тораптар, шатырлар мен демалыс аймақтары бар. Әр модуль 20 балаға шақталған, жиһаздары жаңартылған. Балалардың күнделікті өмірі толық бақылауда: бес мезгіл тамақтану, интеллектуалдық және мәдени іс-шаралар, ойындар, спорттық жарыстар қамтылған.
Модульді лагерь әлеуметтік теңдікті нығайтып, патриоттық тәрбиені сіңіруге бағытталған. Сонымен қатар жасөспірімдерді қылмыс пен көшедегі қауіп-қатерден оқшаулап, пайдалы орта қалыптастырады.
Түркістан облысы бойынша биыл жазғы сауықтырумен 43 мыңнан астам бала қамтылады. Аймақта 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь жұмыс істейді. Сонымен қатар 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен танымдық экскурсияларға қатысады.





