Түркістанда «Voice of Turan – 2025» халықаралық қазақ әндері фестивалінің жеңімпазы анықталды

Түркістанда қазақ ән өнерін әлемге танытатын халықаралық «Voice of Turan – 2025» фестивалі мәресіне жетті. Екі күнге созылған байқауға 17 елден келген өнерпаздар қатысып, қазақ композиторларының шығармаларын шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Нәтижесінде Италиядан келген Vincenzo Cantiello бас жүлдені жеңіп алды.

Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Тунис, Португалия, Индонезия, Куба, Оңтүстік Африка секілді елдерден жас әншілер қатысып, Ақан сері, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев, Нұрғиса Тілендиевтің әндерін орындады.

Қазылар алқасына Сәкен Майғазиев төрағалық етті. Оның құрамында Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Әли Оқапов және басқа да танымал өнер иелері болды. Байқау қатысушылары қазақ әндерін өз стилінде орындап, әртүрлі жанрда сахналық шеберлігін көрсетті.

Фестивальдің шешуші кешінде Сәкен Майғазиев, Мөлдір Әуелбекова және Маржан Арапбаева арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.

«Voice of Turan – 2025» жобасы Түркістанның облыс орталығы мәртебесіне ие болғанына жеті жыл толуына орай ұйымдастырылды. Мәдени шараға Түркістан облысы әкімдігі қолдау білдіріп, облыстық мәдениет басқармасы мен Халық шығармашылығы орталығы өткізді.

Фестиваль қазақ әнінің құдіретін әлемге танытып, Түркістанды халықаралық өнер орталығына айналдыру жолындағы ірі қадам болды.