Су ресурстары қысқаруда: Түркістан облысында егістікке су жеткізу жүйесі қайта қаралуда

Су ресурстары қысқаруда: Түркістан облысында егістікке су жеткізу жүйесі қайта қаралуда
Пресса24.kz тілшісі хабарлайды
Түркістан облысында ауыл шаруашылығына қажетті су тапшылығы жылдан-жылға сезіле бастады. Әсіресе, биыл суармалы егістік алқаптарының көлемі 552 мың гектарға жетіп, бұл бағытта жүктеме арта түсті. Жалпы, өңірде 890 мың гектарға жуық жерге егін егілген.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, ағын суды реттеу үшін бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» мен «Боралдай» суқоймаларының құрылысы басталып, нәтижесінде «Бөген» қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобаға 5,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу ұсынылған.
Мәселенің түп-төркіні — Түркістан облысы тұтынатын судың 63 пайызы көршілес елдердің аумағынан келетін трансшекаралық көздерге тәуелді. Осыған байланысты Жетісай мен Мақтаарал аудандарының егістіктері «Достық» магистралды каналы арқылы ғана су алып отыр.
Су тапшылығын азайту үшін биылғы жылы өңірде 27 мың гектар жерге су үнемдейтін технологияларды енгізу жоспарланған. Дегенмен, бұл көрсеткішті 59 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 25 су қоймасы, 1 реттегіш, 269 канал жаңартылып, тозу деңгейі 76 пайыздан 50 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Билік өкілдері жыл сайын кемі 200 миллиард теңгенің өнімін беретін 400 мың гектар суармалы алқаптың өнімділігін арттыру – басты міндет екенін алға тартты. Бірақ су мәселесін шешу тек құрылыс пен күрделі жөндеумен ғана шектелмейді – көрші елдермен өзара тиімді келісім мен жергілікті деңгейде су тұтыну мәдениетін көтеру де кезек күттірмейтін міндетке айналып отыр.





