Түркістан облысында ағын су тапшылығы жүйелі шешімдермен еңсерілуде

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарының кеңеюіне байланысты ағын суға деген қажеттілік жыл сайын артып келеді. Биыл өңірде 890 мың гектарға егістік егілсе, оның 552 мың гектары суармалы жерлерге тиесілі. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Ағын су ретімен беріледі
Спикердің айтуынша, вегетациялық маусым тұрақты өтіп жатыр. Шаруа қожалықтарымен келісілген кесте негізінде ағын су кезектілік тәртібімен берілуде. Мұндай тәсіл дақылдардың жойылып кетуіне жол бермеуге бағытталған.
Ірі су жобалары іске қосылады
Ағын су тапшылығын толық жою мақсатында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларының жобалары қолға алынды. Бұл арқылы «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізу көзделуде. Жобаны толық іске асыру үшін 5,4 млрд теңге бөлу ұсынылған.
Су үнемдеу технологиялары кеңейтіледі
Облыста биылдың өзінде су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған. Жалпы алғанда, мұндай технологиялар 59 мың гектарға жетпек. Бұл – су қорын үнемдеу мен өнімділікті арттырудың тиімді жолы.
Трансшекаралық су көздері маңызды рөл атқарады
Түркістан облысына тиесілі жылдық су лимитінің 63%-ы көрші мемлекеттер аумағынан келеді. Әсіресе Жетісай мен Мақтаарал аудандарында орналасқан 140 мың гектар жер «Достық» магистралды каналы арқылы қамтамасыз етіледі.
Инфрақұрылым жаңғырып жатыр
Облыс аумағында 25 су қоймасы, 1 су реттегіш және 269 канал күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстар нәтижесінде су шаруашылығы нысандарының тозуы 76%-дан 50%-ға дейін төмендейді. Сәйкесінше, 400 мың гектар суармалы алқапқа су жеткізу мүмкіндігі артып, жыл сайын қосымша 200 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілетін болады.
Түркістан облысы су тапшылығы мәселесін ұзақмерзімді жобалармен және технологиялық жаңғырумен шешіп, агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытында нақты қадамдар жасап жатыр.





