Түркістан облысында 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100-ге жуық жоба жүзеге асырылуда

Түркістан облысында өндірісті дамыту мен инвестиция тарту ісі қарқынды жүріп жатыр. Облыстың индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық жоба қолға алынып, 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашу жоспарланған.
Бұл жобалар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асуда. Қазірдің өзінде жобалардың жартысынан астамы жүзеге асып, 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылған. 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке 2 млрд теңгеден астам салық түсті.
Жаңа индустриалды аймақтар ашылып жатыр
Әкімнің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандары мен Шардара және Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылуда. Тағы төрт аймақта өндірістік алаңдарды кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Мақсат – кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету.
Сауран ауданында 2024–2026 жылдар аралығында Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде бес өндірістік аймақ салынып жатыр. Бұл мақсатта 55 гектар жер бөлініп, 115 жоба орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен келісім жасалып, олардың жартысы құрылысқа кірісіп кеткен.
Иассы ауылында 24 жоба іске қосылуға дайын
Иассы ауылдық округінде 9 гектарлық өндірістік аймақта 6,3 млрд теңгенің 24 жобасы іске қосылады. Бұл жерде жиһаз өндірісі, спорттық жабдықтар, тігін цехтары, жол белгілері мен қағаз өнімдері өндірісі жолға қойылады. 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, индустриалды аймақтар – өңір экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан инфрақұрылым тарту, абаттандыру және заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жедел жүргізілуі тиіс.





