Түркістанда халық саны өсіп, экономика мен туризм саласы қарқынды дамып келеді

Түркістанда халық саны өсіп, экономика мен туризм саласы қарқынды дамып келеді
– деп хабарлайды Пресса24.kz тілшісі.

2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Түркістан қаласы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң нәтиже көрсетті. 1 маусымдағы дерекке сай, қала халқы 240 422 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. Қаланың жалпы аумағы – 22,4 мың гектар.

Есепті кезеңде өңірлік өнім көлемі 159,5 млрд теңгені құрады. Бұл әр тұрғынға шаққанда 663,5 мың теңгеден келеді. Өнеркәсіпте 40 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, оның ішінде 25 млрд теңгесі өңдеу саласына тиесілі. Құрылыс көлемі 299,3 млрд теңгеге жетіп, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 434,6 мың шаршы метр болды. Сауда айналымы – 157,9 млрд теңге, ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 490 млрд теңгені құрады.

Арнайы экономикалық аймақта іске асып жатқан 9 жобаның нәтижесінде 2956 адам жұмысқа орналасады. Сонымен қатар, индустриалды аймақта жүзеге асқан 23 жобада 961 адам жұмыспен қамтылған.

Бес айда Түркістанға 1,1 миллион турист келген. Шетелдік меймандар саны – 23,2 мың адам. Туризмге салынған инвестиция көлемі 61,9 млрд теңгеге жетті. Қалада 68 туристік орналастыру орны бар, олардың төсек-орын қоры – 3252. Қазіргі таңда «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығы», аквапаркі бар кешеннің құрылысы жүріп жатыр.

Қалада белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 22 010-ға жетіп, 34 500 адам жұмыспен қамтылған. Бұл сектордың үлесі өңірлік өнімнің 72,2 пайызын құрап отыр. Мемлекеттік қолдау аясында 30 жобаға 4,2 млрд теңге бөлінген.

Білім беру саласында 85 мектеп пен 150 балабақша жұмыс істейді. Оқушылар саны 55 мыңнан асты. Жаңа оқу жылына дейін 12 мектеп пайдалануға беріліп, тағы бірнеше білім ұясына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қалада 18 медициналық мекеме жұмыс істейді. Биыл жеке инвестиция арқылы 27 мың адамға қызмет көрсететін емхана мен оңалту орталығының құрылысы қолға алынған.

Мәдени және спорттық салада да белсенділік байқалады. Жыл басынан бері 47 мәдени іс-шара ұйымдастырылса, 264 спорт нысанында 21 ірі жарыс өткен. Қала халқының 42 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады.

Инфрақұрылым бағытында 47,1 шақырым жол жөнделіп, қаланың 66,7 пайызы қанағаттанарлық жолмен қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамту – 100 пайыз, электр – 99,5 пайыз, газ – 98 пайыз деңгейінде. Кәріз жүйесімен қамтылу 36,5 пайызды құрайды.

Жыл басынан бері 11 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның ішінде 4678-і тұрақты. Әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 16 245 адамға 1,3 млрд теңге бөлінуі жоспарланған. Жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға тұрғын үйлер беріліп, бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.