Түркістан – жылыжай агробазасының жаңа орталығына айналмақ

Түркістан – жылыжай агробазасының жаңа орталығына айналмақ
– деп хабарлайды Pressa24.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен ғылымды, білімді, туризмді тоғыстырған ауқымды жылыжай жобасы іске аспақ. Бұл бастама аймақты еліміздің басты агроинновациялық орталықтарының біріне айналдыруды көздейді.

Жоба аясында заманауи автоматтандырылған жылыжай кешендері, агротехникалық өндіріс және ғылыми-тәжірибелік алаңдар құрылмақ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытайдың мемлекеттік компаниясының Қазақстандағы филиал басшысы Янь Цзе мырзаның кездесуі барысында ауыл шаруашылығындағы инвестициялық серіктестік пен технологиялық ынтымақтастық жайы талқыланды.

Инновациялық жылыжай жобасы индустриялық аймақта болат конструкциялар зауытын, агротуризм аймағын және көкөніс өсіру алаңын қамтиды. Сонымен қатар, жергілікті ЖОО-лармен бірлескен ғылыми орталық құрылады. Бұл орталықта студенттер мен ғалымдар жылыжай жағдайында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, агротехнологияларды сынақтан өткізе алады.

Аграрлық туризм бағыты аясында туристер көкөніс жинап, ұлттық тағамдар әзірлейтін арнайы ашық алаңда уақыт өткізе алады. Жоба ауыл шаруашылығы мен туризмді ұштастыра отырып, өңірдің экономикалық әртараптануына жол ашады.

Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық артықшылықтарына тоқталып, Түркістанда индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеп тұрғанын атап өтті:

“Ауыл шаруашылығында өнім сапасын арттыруға және технологиялық даму деңгейін көтеруге баса мән беріп отырмыз. Тамшылатып суару, жылыжайларды автоматтандыру және логистиканы жетілдіру – басым бағыттарымыздың бірі. Бірлескен жобаларға толық қолдау көрсетеміз”, – деді өңір басшысы.

Қазіргі таңда Түркістан облысы еліміздегі жылыжай өндірісінің көшбасшысы. Республика бойынша тіркелген 1289 жылыжайдың басым бөлігі – осы өңірде. Олардың жалпы көлемі 713 гектарды құрайды. Былтыр облыста 83,9 мың тонна көкөніс өндірілген.

Бұл бастама арқылы Түркістан облысы ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, халықаралық инвестицияларды тартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік алмақ.