Төлеби ауданында жаңа сот ғимараты бой көтереді

Төлеби ауданында жаңа сот ғимараты бой көтереді
– деп хабарлайды Пресса24.кз тілшісі.

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының Алатау шағынауданында аудандық соттың жаңа ғимаратының құрылысы ресми түрде басталды. Осыған орай капсула салу рәсімі ұйымдастырылып, өңір басшылығы мен сот жүйесінің өкілдері жобаға сәттілік тіледі.

Салтанатты жиынға Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Едігеұлы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен сот әкімшілігінің өңірлік басқармасының басшысы Абзал Апбас қатысты.

Аудандық сотқа арналған нысан заманауи талаптарға сай салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «РМ-СнабСервис» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Жоба бойынша ғимарат екі қабатты болып, жалпы ауданы 3898 шаршы метрді құрайды. Құрылыстың нақты көлемі — 1103,67 м². Құны – 807,8 миллион теңге. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жаңа сот ғимараты заманауи инфрақұрылыммен жабдықталып, азаматтардың жайлы әрі ашық құқықтық қызмет алуына қолайлы жағдай жасамақ. Сондай-ақ, сот процестерін цифрландыру да көзделіп отыр.

Жобаның мақсаты – құқықтық қызмет сапасын арттырып, әділеттіліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету.