Түркістанда кәріз инфрақұрылымы қарқынды жаңартылып жатыр

Түркістанда кәріз инфрақұрылымы қарқынды жаңартылып жатыр
– деп хабарлайды Пресса24.kz тілшісі.
Түркістан қаласында инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған ірі жобалар жүйелі жүзеге асып жатыр. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, кәріз жүйелерін жаңғырту 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүргізілуде.
Бүгінгі таңда ұзындығы 263 шақырымнан асатын сарқынды су жүйелері тартылуда. Бұл тек магистралды желілермен шектелмей, ішкі орам көшелерді де қамтып отыр. Сонымен қатар, 5 тазарту имараты, 21 сорғы станциясы мен 4 шығын реттегіш құдық салу жоспарланған.
Қалада қазірдің өзінде 27 кәріздік насос станциясы жұмыс істеп тұр. Олардың кейбірі 1980 жылдан бері пайдаланылуда. Ал кәріз желісіне қосылған абоненттер саны 17 581-ге жеткен. Қолданыстағы желілердің жалпы ұзындығы 401 шақырымнан асады. Алайда, орталықтандырылған жүйемен қамту көрсеткіші әзірге 36,5% деңгейінде қалып отыр.
Мәселені шешу үшін 13 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жеті нысан 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа берілмек.
Кәріз желілері жүргізілген 159 көшеде асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Әкімдік абоненттерді жылдам қосып, жол жөндеу жұмыстарын кейінге қалдырмай аяқтауға күш салып жатыр.
Жалпы, Түркістан қаласының кәріз инфрақұрылымын жаңарту жобасы өңірдің өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастама саналады.





