Түркістанда полиция қызметкерлері кәсіби мерекеде марапатталды

Түркістанда полиция қызметкерлері кәсіби мерекеде марапатталды, – деп хабарлайды Пресса24.kz тілшісі.
Түркістан облысында Қазақстан Полициясы күніне арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараға облыс әкімдігі, ішкі істер органдарының ардагерлері мен полиция департаментінің жеке құрамы қатысты.
Кеш мемлекеттік Тудың сахнаға шығуымен басталып, еліміздің Әнұраны орындалды. Қатысушылар қызмет барысында қаза тапқан тәртіп сақшыларын үнсіздікпен еске алды. Полиция қызметінің маңызын айшықтайтын театрландырылған көрініс көрермен назарына ұсынылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде адал еңбек етіп жүрген мамандарды марапаттады. Құттықтау лебізін сондай-ақ ҰҚК генералы Болат Қалмырзаев пен ПД бастығы Мұрат Қабденов те білдірді.
– Сіздердің заң мен тәртіпті сақтау жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз – ел тұрақтылығының негізі. Ардагерлерге ақыл-кеңестері үшін, ал қызметтегі сақшыларға табандылығы үшін алғыс айтамын, – деді Мұрат Қабденов.
Шара барысында Ішкі істер министрлігі мен облыстық ПД тарапынан үздік полицейлерге медальдар, алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
Марапат иелері бұл құрметтің өздеріне артылған сенім екенін айтып, болашақта да халыққа адал қызмет ететіндерін жеткізді. Концерттік бағдарлама аясында сахнаға Асқар Жүнісбеков пен облыстық өнер шеберлері шығып, ән мен биден шашу шашты. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл күйде тарқасты.





