Түркістан облысы әкімі тұрғындарды жеке қабылдады: инфрақұрылым мен әлеуметтік көмек мәселелері көтерілді

Түркістан облысы әкімі тұрғындарды жеке қабылдады: инфрақұрылым мен әлеуметтік көмек мәселелері көтерілді
Түркістан облысында жергілікті халықпен тікелей диалогты күшейту жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, – деп хабарлады Пресса24.kz тілшісі.
Қабылдауға Түркістан қаласы мен Отырар, Бәйдібек, Шардара аудандарының азаматтары қатысып, инфрақұрылым, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасу және жер мәселелерін көтерді. Әрбір сұрақ жеке қаралып, облыс басшысы тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.
— Халықтың мұң-мұқтажын естіп, жедел әрі әділ шешім қабылдау – біз үшін басты міндет. Әр өтініштің артында адам тағдыры тұр, – деді Нұралхан Көшеров қабылдау барысында.
Айта кетейік, азаматтар облыс әкімінің жеке қабылдауына «еOtinish» электронды платформасы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесі арқылы жазыла алады.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, өңірде тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату жүйелі түрде жалғасын табады.





