Түркістан облысында 372 ауылдың интернет мәселесі шешіледі

Түркістан облысында 372 ауылдың интернет мәселесі шешіледі, – деп хабарлайды Пресса24.кз тілшісі.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдап, ауылдық жерлердегі интернет қолжетімділігі мен байланыс сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Кездесуде сондай-ақ өңірде жүзеге асатын жаңа пилоттық жобалар мен инвестициялық бастамалар сөз болды.

– Мемлекет басшысы қазіргі цифрлық дәуірде интернетке қолжетімділікті негізгі қажеттіліктердің бірі ретінде атап өтті. Бүгінде облыстағы 801 ауылдың 740-ы мобильді интернетпен қамтылған, 429 елді мекенде оптикалық желі бар. Ал 372 ауылда әлі күнге дейін оптика желісі тартылмаған. Осы ауылдарға сапалы интернет жеткізу үшін қаржы бөліп отырғандарыңызға алғыс айтамын. Бұл – біздің өңір үшін ауқымды инвестиция. Біз, әкімдік ретінде, жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Бағдат Мусин Түркістан облысының халық тығыз орналасқан және елді мекендер саны көп өңір ретінде телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда ерекше назарда тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, 372 ауылды интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ тарапынан 14,7 млрд теңге инвестиция салынады. Жоба аясында байланыс сапасын жақсарту мен телеком жүйесін дамыту көзделген.

Кездесу соңында Нұралхан Көшеров пен Бағдат Мусин аталған жобаларды іске асыруға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.