Мақтааралда бес ауыл табиғи газға қосылды

Мақтаарал ауданында тағы бес елді мекенге табиғи газ берілді. Бұл жаңалықты аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарымен бірге атап өтті, деп хабарлайды Пресса24.kz.
Газбен қамтылған елді мекендер – Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің Өнімкер, Ырысты, Қарақыр және Жаңажол ауылдық округінің Арайлы мен Достық ауылдары. Әкім Өнімкер ауылына арнайы барып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
— Бұл — өңір үшін маңызды кезең. Газ тарту тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, экономикалық даму мен экологиялық жағдайды жақсартуға сеп болады. Бұл – Мемлекет басшысының халықты әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту тапсырмасының нақты орындалуы, – деді Бақыт Асанов.
Аудан басшысы «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының директоры Ақылбек Әбілдиевке газды мерзімінен бұрын қосуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты.
Бұған дейін Мақтаарал ауданындағы 68 елді мекеннің 46-сы газбен қамтылған болатын. Қазір бұл көрсеткіш артты. 2024 жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 6,3 млрд теңгеге 19 елді мекеннің ішкі газ жүйесі салынып жатыр. Жобалардың жалпы құны – 8,2 млрд теңге, ал аяқталу мерзімі – 2025 жыл. Тағы 4 ауылда құрылыс бастау үшін 891 млн теңге бөлінді.
Барлық жұмыс жоспарға сай аяқталса, 2026 жылы Мақтаарал ауданы толықтай табиғи газбен қамтылатын болады.





