Отырар: Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – бақылауда

 

Отырар ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі бойынша кезекті комиссия отырысы өтті. Жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы төрағалық етті.

Жиынға білім, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту салаларының басшылары қатысты. Комиссия мүшелері жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтың себептері мен оның алдын алуға бағытталған шараларды талқылады.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев 2025 жылдың жазғы демалысы аясында 1–4 сынып оқушылары үшін 4511 бала қамтылған сауықтыру алаңшалары жұмыс істегенін жеткізді. Сонымен қатар, «Отырар» жазғы лагеріне 8 ауысыммен 1050 оқушыны жолдау жоспарланып отыр.

Ал аудандық полиция өкілі Батырбек Махатов ювеналды полицияның есепті мерзімде 135 құқықтық кездесу өткізгенін айтты. Суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары мен құқықбұзушылықтардың алдын алу да назардан тыс қалмады.

Жиын соңында қараусыз балаларды анықтау, заңсыз көлік басқаруға жол бермеу және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді.