Қазығұртта агроиндустрия серпін алмақ: жаңа аймаққа 3,8 млрд теңге инвестиция салынады

Қазығұртта агроиндустрия серпін алмақ: жаңа аймаққа 3,8 млрд теңге инвестиция салынады
— деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында биыл ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту мақсатында 60 гектар аумаққа «Тұрбат» агроиндустриалды аймағы құрылмақ. Аудан орталығынан орын алатын бұл өндірістік аймақта 3,8 млрд теңгеге жылыжайлар салынып, 400-ден астам тұрғын жұмысқа тартылады.
Бұл туралы аудан әкімі Азизхан Исмаилов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте хабарлады. Әкімнің айтуынша, бұл жоба – агробизнеске тың серпін беріп, аудан шаруаларына жылыжай технологиясын кеңінен игеруге мүмкіндік ашады.
2025 жылы ауданға 21,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 24 жоба іске аспақ. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы басымдыққа ие. Әсіресе, балық және құс шаруашылығына қызығушылық артып отыр. Сонымен қатар, заманауи егін шаруашылығында тамшылатып суғару әдісі кең қолданыс табуда.
Биылғы бес айда ауданның жалпы өңірлік өнімі 42,3 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 134,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Инфрақұрылым саласында да ілгерілеу байқалады: тұрғындардың 98,3%-ы сапалы ауыз сумен, 90,1%-ы табиғи газбен, 98,4%-ы электр қуатымен қамтылған.
Цифрлық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында «Comdata» компаниясы Қазығұрт, Қызылқия және Рабат ауылдарына талшықты-оптикалық интернет желісін тартуды қолға алған. Биыл Қызылқияда – 745, Рабатта – 840 абонентке интернет желісі жеткізілмек.





