Түркістан облысында туристік инфрақұрылымды дамыту жобалары таныстырылды

Түркістан облысында туристік инфрақұрылымды дамыту жобалары таныстырылды
– деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.
Түркістан облысында өңір сәулетіне сай жаңа нысандар бой көтермек. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен штаб отырысында туристік және қоғамдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жобалар қаралды.
Жиында Түлкібас ауданындағы Иірсу каньонында бақылау алаңын салу, Кентауда демалыс аймағын ашу, облыс аумағындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту сынды жобалардың эскиздік үлгілері таныстырылды. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы «Отырар» шағынауданындағы 5 қабатты тұрғын үй құрылысы, вокзал маңын абаттандыру және «Яссы» мен «Бекзат» шағынаудандарын ретке келтіру ұсынылды.
Нұралхан Көшеров әрбір жоба бойынша нақты тапсырмалар беріп, нысандардың сәулеттік шешімдері талапқа сай болуы керектігін, сондай-ақ сапалы құрылыс материалдарын қолдану маңызды екенін қатаң ескертті.
Сәулетшілер, инвесторлар мен құрылыс саласының мамандары туристік әлеуетті көтеруге бағытталған бастамаларды таныстырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін концептуалды жобаларды талқылады.
Айта кетейік, Түркістан облысында салынатын барлық нысанның құрылысы мен сәулеті әкімдік бақылауында болады.





