ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА СҮТТІ ӨҢДЕУ КӨЛЕМІ АРТУДА

Түлкібас ауданындағы Майтөбе ауылында өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтпақ. Бұған дейін тәулігіне 1 тонна сүт өңдеп келген цех енді бұл көрсеткішті 3 тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр.

Бүгін кәсіпорынға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев және жауапты сала мамандары арнайы барып, кооперативтің жаңа жобасымен танысты.

Цехта айран, қаймақ, сары май, сүзбе, ірімшік, чечель, құрт сынды түрлі өнімдер өндіріліп, сауда нүктелеріне жөнелтілуде. Қазіргі таңда кәсіпорында екі ауысыммен 18 адам тұрақты жұмыс істейді. Өндірістік қуатты арттыру мақсатында қайта жабдықтауға 80 млн теңге қаржы жұмсалған. Алдағы уақытта цех жұмысын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.