ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ АШЫЛУЫ МҮМКІН

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен келіссөз өткізіп, Мақтаарал ауданында өндірістік жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Кездесу барысында облыс басшысы жаңа зауыттар ашу арқылы өндірісті дамытуды, жұмыс орындарын көбейтуді негізгі басымдық ретінде атап өтті.

— Инвесторларға инфрақұрылымдық қолдау көрсетуге дайынбыз. Әр жоба облыс әкімдігі тарапынан сүйемелденіп, нақты іске асуына көмектесеміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Инвесторлар Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті жанынан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құруды ұсынды. Жоба аясында электр жабдықтары, пластмасса өнімдері, жылу құбырлары секілді өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Сонымен қатар, бизнес орталықтар мен жүк сақтау қоймаларын салу бойынша ұсыныстар айтылды.

Кездесу нәтижесінде ынтымақтастық жөніндегі меморандум түзу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобалар жан-жақты зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.