Түркістан облысында ауыл әкімдіктері мен полиция бекеттерінің жай-күйі қайта қаралады

Түркістан облысында ауыл әкімдіктері мен полиция бекеттерінің жай-күйі қайта қаралады
— деп хабарлайды Pressa24.kz тілшісі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте ауылдарды дамыту, жергілікті мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын арттыру, олардың ғимараттарын біріздендіру мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда облыстағы 181 ауылдық округтің 164-і өз ғимаратында, 15-і мәдениет үйінде, 2-еуі жалға алынған нысанда жұмыс істеп отыр. Ал 160 ауылдық округте полиция бекеттері бар. Оның 133-і ІІД меншігінде, қалған 27-сі аудан әкімдіктерінің ғимаратында орналасқан.
Мәжіліс барысында ауыл әкімдіктерінде 57 штат бірлігі жетіспейтіні айтылды. Сонымен қатар, 17 әкімдік ғимараты ескірген деп танылып отыр. Осыған байланысты облыстық құрылыс басқармасы біркелкі архитектуралық үлгі дайындаған. Енді жаңа немесе қайта салынатын әкімдік ғимараттары осы эскиз негізінде тұрғызылатын болады.
– Мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласында жұмыс істеу – жауапкершілігі жоғары, құрметті міндет. Әкімдер сол ауылда тұрып, жергілікті дамуға атсалысуы тиіс. Ал олардың қызметі тиімді болуы үшін ғимараттары да заманауи талаптарға сай болуы қажет, – деді Нұралхан Көшеров.





