Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен инвестиция тарту жоспарының жартыжылдық қорытындысы қаралды

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен инвестиция тарту жоспарының жартыжылдық қорытындысы қаралды
— деп хабарлайды Pressa24.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында агроөнеркәсіп кешенінде (АӨК) жалпы өнім өндіру және инвестиция тарту бойынша 6 айлық жоспардың орындалу барысы сараланды. Сонымен қатар, ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жағдайы мен статистикалық есептілік мәселелері талқыланды.
Жиында салалық индикаторларды уақтылы орындамаған бірқатар жауапты тұлғалар сынға алынды. Облыс әкімінің орынбасары аталған кемшіліктерді түзету үшін уақыт беріп, тапсырмалардың сапалы әрі заңға сай орындалуын қатаң талап етті.
– Жұмысты нақты әрі сапалы ұйымдастырсақ, межеге жетуге ешқандай кедергі жоқ. Жоспар бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр, дегенмен кейбір аудандарда ақсап тұрған бағыттар бар. Мұндай жағдайда нақты шаралар қабылданады, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Жиын барысында Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанар Ережепова сөз сөйлеп, 6 айға арналған жалпы өнім көлемінің болжамын ұсынды. Оның айтуынша, Арыс қаласы мен Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам және Сарыағаш аудандарында респонденттердің есеп тапсыруы жеткіліксіз.
Айта кетейік, аудан, қала әкімдіктері берген мәліметке сәйкес, инвестиция тарту жоспарының орындалуы 104,6 пайызды құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласы – Түркістан облысының негізгі экономикалық тіректерінің бірі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.





