Түркістанда 400-ден астам адам қатысқан «Терроризмге жол жоқ!» атты акция өтті

Түркістанда 400-ден астам адам қатысқан «Терроризмге жол жоқ!» атты акция өтті
— деп хабарлайды Pressa24 тілшісі.

Түркістандағы «Конгресс-холл» кешенінің аумағында терроризм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған кең ауқымды акция ұйымдастырылды. Шараны облыстық терроризмге қарсы комиссия өткізді. Акцияға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, құзырлы орган қызметкерлері, сарбаздар, спортшылар, жастар мен балалар қатысты. Қатысушылар саны 400-ден асты.

Акция Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының оркестрі орындаған музыкалық композициямен ашылып, алғашқы сөзді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов алып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызына тоқталды.

– Теріс діни ағымдар мен радикалды идеологиялар – ел бірлігі мен ұлт болмысына төнген қатер. Мұндай идеологияларға тосқауыл қою – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді ол.

Іс-шара барысында Түркістан облысының Дін істері басқармасы мен Ұлттық ұланның 5575 әскери бөлімі дайындаған «Терроризм – тұтастықты бұзатын қатер» атты бейнероликтер көрсетілді. Арнайы жасақ (СОБР) қызметкерлері жедел іс-қимыл жаттығуларын паш етіп, қатысушыларға қауіпсіздік шараларының үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ, отансүйгіштік рухтағы әндер орындалып, Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған патриоттық челлендж еліміздің өзге өңірлеріне жолданды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде:
«Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды» – деп атап өткен болатын.

Түркістан облысында радикалды идеологияға қарсы іс-шаралар жалғасатын болады.