ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМІ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АЙАРУ АЛТЫНБЕККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМІ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АЙАРУ АЛТЫНБЕККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шахматтан жасөспірімдер арасында әлемнің үш дүркін чемпионы Айару Алтынбекті арнайы қабылдады. Жиынға чемпионның атасы Ақжігіт Исабек пен әкесі Әлібек Амантаев та қатысты. Өңір басшысы Айарудың жетістігін ерекше атап, оның ел мерейін үстем еткен еңбегі үшін алғыс білдірді.
– Айару – Түркістан облысының мақтанышы. Жас та болса, халықаралық додаларда топ жарып, көк туымызды биікте желбіретіп жүр. Біз мұндай чемпиондармен әрқашан мақтанамыз әрі қолдаймыз, – деді әкім.
Айаруға арнайы грамота мен бағалы сыйлық табысталды. Өз кезегінде чемпион қыз шахматтағы бәсекелестіктің жоғары екенін айтып, ел сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салып жүргенін жеткізді. Түркістан қаласының көркі мен атмосферасына да жоғары баға берді.
Айару Алтынбек – FIDE Master, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында 2011 жылы туған. 2023 жылы Грузияда, 2024 жылы Перуде, 2025 жылы Грекияда өткен әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен. Сонымен қатар Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, «Queens Chess» халықаралық турнирінің жеңімпазы. 13 жасқа дейінгі әлемдік рейтингте көш бастап тұр.
Бүгінде Түркістан облысында шахмат спортына ерекше көңіл бөлініп отыр. 20 спорт мекемесінде 97 жаттықтырушы 2475 спортшымен тұрақты жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023–2027 жылдарға арналған шахматты дамыту жол картасы жүзеге асырылып келеді.





