ТӨЛЕБИДЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ТӘРБИЕЛЕЙТІН МОДУЛЬДІ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ АШЫЛДЫ

ТӨЛЕБИДЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ТӘРБИЕЛЕЙТІН МОДУЛЬДІ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ АШЫЛДЫ
Төлеби ауданының көркем тау бөктерінде балаларға арналған ерекше бағыттағы модульді жазғы лагерь ашылды. Бұл – тек тынығу орны ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге арналған тәрбиелік маңызы зор жоба.
Жаңа лагерьдің басты ерекшелігі – оның мазмұндық бағыты. Мұнда балаларға қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, ұлттық ойындары мен мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған арнайы бағдарлама дайындалған. Этнотанымдық сабақтар, шеберлік сағаттары, рухани-танымдық кездесулер мен шығармашылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Лагерь аумағында заманауи талаптарға сай жабдықталған 9 модульді корпус орналасқан. Әрқайсысында 20 баладан, жауапты жетекшісімен бірге. Энергия үнемдейтін, экологиялық таза құрылыс материалдарынан салынған бұл ғимараттар балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына толық мүмкіндік береді.
Лагерьдің тағы бір ерекшелігі – табиғат аясында орналасуы. Бұл экологиялық тәрбие мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал етеді. Балалар үшін тау жорықтары, экскурсиялар, құзға өрмелеу, спорттық жарыстар мен туристік бағыттағы экспедициялар қарастырылған.
Ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы қатысып, балаларға жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ, шараға БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері де қатысты.
Жалпы, лагерь жаз мезгілінде екі ай бойы жұмыс істейді. Әр ауысым 10 күннен, бір мезгілде 180 бала қабылдай алады. Балалардың қауіпсіздігі мен мазмұнды демалысы үшін барлық жағдай жасалған бұл лагерь – ұлттық тәрбиемен заманауи үлгіні ұштастырған тың жоба.





