ТҮРКІСТАНДЫҚ АГРАРЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ҚЫТАЙДА ТӘЖІРИБЕ ЖИНАП ҚАЙТТЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ АГРАРЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ҚЫТАЙДА ТӘЖІРИБЕ ЖИНАП ҚАЙТТЫ
Қытай мен Орталық Азия арасындағы аграрлық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында ҚХР-дың Шэньси провинциясы, Вэйнань қаласында фермерлерге арналған халықаралық оқыту курстары өтті. Бағдарламаға Түркістан облысының аграрлық колледждерінен 8 агроном-оқытушы қатысып, халықаралық деңгейде білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Бұл сапар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қолдауымен жүзеге асты. Жергілікті мамандардың әлемдік агроинновацияларға қол жеткізуі өңір ауыл шаруашылығының сапалы дамуына бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Оқыту курстары Қытайдың жетекші аграрлық университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының базасында өтті. Қатысушылар органикалық егіншілік, су үнемдеу технологиялары, тұқым шаруашылығы, цифрлық агросектор, экспортқа бағытталған өндіріс және агробизнесті дамыту мәселелері бойынша білім алды. Бағдарлама Орталық Азия өңірінің климаттық және өндірістік ерекшеліктеріне бейімделіп жасалған.
Сапардың басты мақсаты – заманауи агротехнологияларды меңгеру арқылы ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына серпін беру. Алдағы уақытта Қытайлық әріптестермен бірлескен жобалар іске қосылып, алған білім нақты өндірісте қолданылатын болады.
Айта кетейік, 2024 жылдың 7 шілдесінде Вэйнань мен Түркістан қалалары арасында достық және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бұл құжат «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы халықаралық байланысты нығайтудағы маңызды қадам саналады.
Вэйнань қаласының сыртқы экономикалық және техникалық ынтымақтастық бюросының қолдауымен өткен бұл курс Қытайдың заманауи ауыл шаруашылығындағы тәжірибесін зерттеуге бағытталды. Осындай оқыту алмасу бағдарламалары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.





