Түлкібас: Әкімнің қабылдауында ауызсу тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесі көтерілді

Түлкібас: Әкімнің қабылдауында ауызсу тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесі көтерілді
Жазғы құрғақшылықтан туындаған ауызсу және ағын су тапшылығы – Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаевтың кезекті қоғамдық қабылдауында көтерілген ең өзекті мәселе болды. Тұрғындар кейбір ауылдарда су қысымының төмендеуі күнделікті тіршілікке қиындық тудырып отырғанын жеткізді.
Аудан басшысы бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылданатынын мәлімдеді. «Су тапшылығы болмауы керек» деген әкім, жауапты мамандарға қосымша ұңғымалар (скважиналар) қазып, техникалық шешімдерді іске асыруды тапсырды.
Қабылдауда су мәселесінен бөлек, тұрғын үй кезегі, жер телімдерін заңдастыру және жұмысқа орналасу жайы да қаралды. Нәтижесінде, кейбір азаматтар бірден жұмысқа жолдама алса, басқаларының өтініштері заңға сәйкес тіркеліп, тиісті түсініктемелер берілді.
Асқар Естібаев әрбір өтініштің жеке қаралатынын, қажет болса, мәселені сол жерде зерделеу үшін мекенжайларға арнайы мамандар баратынын айтты. Ол мұндай ашық диалог пен халықпен кері байланыстың тұрақты негізде жалғасатынын растады.





