Бәйдібек әкімі әлеуметтік нысандарды жөндеуді қатаң бақылауға алды

Бәйдібек әкімі әлеуметтік нысандарды жөндеуді қатаң бақылауға алды

Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов Шаян ауылындағы екі маңызды әлеуметтік нысанның жай-күйін тексеріп, мердігерлерге сапа мен жұмыс қарқынына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан басшысының басты талабы – жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау.

Алдымен әкім 700-ден астам оқушы білім алатын «Шаян» мектеп-лицейіндегі реновация барысын тексерді. Құны 314 млн теңгеден асатын жөндеуді жүргізіп жатқан «КазСтройЭверест» ЖШС-не жаңа оқу жылына дейін барлық жұмысты аяқтап, ғимаратты заманауи талаптарға сай ету міндеттелді.

Одан кейін аудан басшысы ардагерлер мен зейнеткерлерге арналған жаңадан ашылған «Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына барды. Орталықтың маңыздылығын атап өткен Ерлан Заипұлы, сонымен бірге, ғимаратта анықталған кемшіліктерді дереу жоюды және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл мәселе әкімнің жеке бақылауында болады.

Бұл екі жоба да – жастарға сапалы білім беру, ал үлкен буын өкілдеріне қамқорлық көрсету арқылы аудандағы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.