Түркістанда тропик үлгісі: банан бағы мен балық базасы

Түркістанда тропик үлгісі: банан бағы мен балық базасы
Ауыл шаруашылығында жаңа трендтер – Мәжіліс депутаттары өңірлік жобалармен танысты
Түркістан облысы ауыл шаруашылығында тың бағыттармен таң қалдыруда. Сайрам ауданында алғаш рет банан өсіріліп, тоғандарда тауарлы балықтар көбейтілуде. Бұл бастамалармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірлік сапар аясында танысып қайтты.
Халық қалаулылары Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев және Ұласбек Сәдібеков бастаған делегация Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Таскешу елді мекенінде орналасқан «Gen Group Kazakhstan» жылыжай кешеніне барды. Мұнда 5,3 гектар аумақта тропикалық банан ағаштары өсіп, жылына 1000 тонна өнім алынып жатыр. Бұл – ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі.
Кешен директоры Тимур Утешевтің айтуынша, жоба 2023 жылы іске қосылған. Түркиядан әкелінген заманауи құрал-жабдықтар негізінде құрылған кешенге 1 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Қазірдің өзінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусымдық кезеңдерде қосымша 15 жұмыс орны ашылады.
Аталған жобаның екінші және үшінші кезеңдері де жоспарланып отыр. Онда қосымша 4,8 гектарға банан, 5,4 гектарға қызанақ, 1 гектарға құлпынай, ал 2,7 гектар аумаққа қияр егу көзделген. Бұл кешен толық қуатында іске қосылғанда, жыл сайын 1500 тонна банан, 3153 тонна қызанақ, 120 тонна құлпынай және 1125 тонна қияр өнімін өндіру көзделіп отыр. Барлық кезеңдерді жүзеге асыруға 13,4 миллиард теңге қаржы қажет. Жоба толық іске қосылғанда 150 адамға тұрақты жұмыс табылмақ.
Депутаттар бұл жобаның тәжірибелік маңызын жоғары бағалап, аграрлық саладағы осындай жаңашыл қадамдардың үлгісін көбейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік бағыттағы бастауыш партия ұйымын осы кешен базасында құру ұсынылды.
Депутаттар сапар барысында Сарыарық ауылындағы «Көмеш балық» ЖШС-нің балық шаруашылығымен де танысты. 259 гектар аумақтағы кәсіпорын шабақ өсіруден бастап, тауарлы балық өндірісіне дейінгі толық циклды жолға қойған. Қазіргі таңда мұнда жылына 721 тоннадан астам балық өндіріліп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтып отыр.
Кәсіпорын жетекшісі Дәулеталы Абдраманов балық түрлерін көбейту, жеммен қамту, тиімді тоған шаруашылығын дамыту және суды үнемді пайдалану сияқты мәселелерді көтеріп, бұл салада жүйелі мемлекеттік саясат қажет екенін жеткізді. Мәжіліс депутаттары ұсыныстарды тиісті министрліктер мен ведомстволарға жеткізуге уәде етті.
Түркістан облысы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында батыл әрі инновациялық қадамдарымен көзге түсіп келеді. Экзотикалық жеміс пен тоған балығына негізделген жобалар – өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдаланудың бір көрінісі.





