Жетісайда қуаттылығы жоғары қосалқы электр станциясы іске қосылады

Жетісайда қуаттылығы жоғары қосалқы электр станциясы іске қосылады
Энергетикалық инфрақұрылым жаңарып, 1800-ден астам абонент жарықпен тұрақты қамтылады

Түркістан облысы Жетісай қаласында қуаттылығы 110/35/10 кВ болатын жаңа қосалқы электр станциясы биыл қолданысқа беріледі. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқын алып келеді. Атап айтқанда, тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру, қуат жетіспеушілігін болдырмау және тұрғындарды тұрақты жарықпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жобалар іске асырылуда.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Vek-Story-Com» ЖШС жүргізіп жатқан қосалқы станция нысанының сметалық құны 1,3 млрд теңгеден асады. Өткен жылы қыркүйекте құрылысы басталған жоба бүгінде 90 пайызға дайын. Аудан әкімі Серік Мамытов нысанда болып, мердігерге құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Станция толық іске қосылған жағдайда Жетісай қаласындағы 12 көпқабатты үйдің 1842 абоненті сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, нысанның жұмысымен 15-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Энергетикалық жобаның іске қосылуы – Жетісайдың ғана емес, жалпы Түркістан өңірінің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды кезеңі саналады.