Түркістанда ақылды технологияларға негізделген қалалық жобалар жанданады

Түркістанда ақылды технологияларға негізделген қалалық жобалар жанданады
Түркістанда заманауи технологияларды қолдану арқылы қаланың өмір сүру сапасын арттыру көзделіп отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен жиында «Ақылды қала» жобасын кеңейту мәселелері талқыланды.
Жиында қаладағы цифрлық жүйелерді дамыту мен жаңа шешімдерді енгізу жайы көтерілді. Әкім өңірде жасанды интеллект пен ресурсты үнемдейтін технологияларды кеңінен қолдану қажет екенін атап өтті. Түркістан қаласы үшін 2025 жылға арналған жаңартылған жол картасын дайындап, бекіту тапсырылды.
Қазірдің өзінде қалада бірнеше цифрлық бастама жүзеге асқан: қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі орнатылып, мектептер бейнебақылаумен қамтылған, медициналық мекемелер толықтай цифрлық жүйеге көшкен. Сонымен қатар, тұрғындар үшін «109» байланыс орталығы мен «SOS» түймелері жұмыс істеп тұр.
Алдағы кезеңде «ақылды» аялдамалар, жарықтандыру жүйелері, коммуналдық төлемдерді біріктіретін орталық, бірыңғай мобильді қосымша және контейнер алаңдарын цифрландыру жобалары қолға алынбақ. Бұл бастамалар тұрғындар өмірін жеңілдетіп қана қоймай, қаланың басқару жүйесін де тиімді етуге бағытталған.





