Түркістан облысында 59 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіледі

Түркістан облысында 59 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіледі
Түркістанда ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен су тапшылығы мен тиімді пайдалану мәселелеріне арналған жиын өтті. Мәжілісті облыс әкімі Нұралхан Көшеров жүргізіп, өңірдегі ағын су жағдайы мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Жиын барысында министр жаңа Су кодексінің 10 маусымнан бастап күшіне енгенін атап өтіп, су үнемдеуге басымдық берілетінін мәлімдеді.
— Жыл сайын ағын су көлемі азайып келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану – басты міндет. Су үнемдеу технологиясын енгізетін шаруаларға қолдау күшейтіледі, — деді Нұржан Нұржігітов.
Өңір басшысы Түркістан облысында суармалы жер көлемі 552 мың гектарды құрайтынын атап өтті. Биыл облысқа 27 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу міндеттелсе, нақты жоспар 59 мың гектарды қамтып отыр. Қазірдің өзінде 46 мың гектарға технология енгізілген.
— «Ислам даму банкі» арқылы қаржы тартылып, су инфрақұрылымдарын жаңартуға бағытталатын болады. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр, — деді Көшеров.
Мәліметке сай, өткен жылы облыстық бюджет есебінен 43 шақырымдық 11 су нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 2,9 мың гектар жер сумен қамтамасыз етілген. Биыл бұл жұмыстарға 5,4 млрд теңге бөлініп, тағы 13 су нысанын жөндеу көзделген.
Салаға қажетті техникалармен жабдықталған «Тұран су» кәсіпорнының көмегімен биылдың алғашқы жартыжылдығында 533 шақырымнан астам канал механикалық тазалаудан өтті.





