Түркістанда 84 отбасы баспаналы болды, әрқайсысына домбыра сыйға тартылды

Түркістанда 84 отбасы баспаналы болды, әрқайсысына домбыра сыйға тартылды

Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде кезекті көпқабатты үйлер пайдалануға беріліп, 84 отбасы қоныс тойын тойлады. Жаңа пәтер кілттерін облыс әкімі Нұралхан Көшеров салтанатты түрде табыстады.

Мереке қарсаңындағы қуанышты оқиғада аймақ басшысы тұрғындарды Ұлттық домбыра күні және Астана күнімен құттықтап, Түркістанның соңғы жылдардағы өрлеу жолын атап өтті.

— Облыс орталығы мәртебесін алғанына жеті жыл ғана болса да, Түркістан түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Қаланы көркейтуге өздеріңіз де үлес қосып келесіздер. Мемлекет басшысының бастамасымен тұрғын үймен қамту ісі жалғасып жатыр. Ең басты қажеттілік – баспана. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! — деді әкім.

Пәтер иелерінің көпшілігі — әлеуметтік осал санаттағы азаматтар: олардың 48-і – көпбалалы, 36-сы – аз қамтылған отбасылар. Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілтімен бірге домбыра тарту етілді. Бұл — ұлттық мерекеге орайластырылған символдық сый.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Былтыр 961 отбасы баспаналы болса, биыл тағы 944 пәтерді тапсыру жоспарланған.