Түркістан облысында тұрғындардың МӘМС жүйесіне қатысу деңгейі төмендеген

Түркістан облысында тұрғындардың МӘМС жүйесіне қатысу деңгейі төмендеген

Түркістан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) халықты тарту мәселесі алаңдатарлық күйде қалып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен салааралық штаб отырысында айтылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етті.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» өңірлік филиалы ұсынған дерекке сәйкес, қазіргі таңда облыс бойынша тіркелген 2 миллионнан астам тұрғынның тек 83,4 пайызы ғана сақтандырылған. Ал қалған 16,6 пайызы – жүйеден тыс қалғандар. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 29 мың адамға аз. Мұндай өзгеріске өзге аймақтарға көшкен азаматтар да әсер еткен.

Мәліметтерге қарағанда, кейбір аудандар мен қалаларда сақтандыру көрсеткіші төмен. Отбасының цифрлық картасы арқылы деректер жаңартылып отырса да, нақты ілгерілеу байқалмайды. Жарна төлеу мен артық төлемдерді қайтару тетіктері қарастырылғанымен, тұрғындардың ақпараттануы жеткіліксіз.

Жыл басынан бері МӘМС бойынша 350-ден астам шағым келіп түскен. Осыған байланысты облыс басшылығы халықпен жұмысты күшейтіп, тұрғындарға жүйенің маңызын дұрыс түсіндіру қажет екенін баса айтты.

– Халықтың денсаулығы – ең басты құндылық. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне барынша қамту – мемлекеттік міндет. Бұл бағыттағы жұмысты аудан, қала әкімдіктері нақты нәтижемен көрсетуі керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Штаб отырысы барысында жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктелді. Жыл соңына дейін сақтандырылғандар үлесін арттыру және кері байланысты жолға қою көзделіп отыр.