Ордабасыда алюминий зауыты мен туристік жобалар іске асуда

 

Ордабасы ауданында жылына 30 мың тонна алюминий өнімдерін шығаратын зауыт салынып жатыр. Бұл туралы ауданға ұйымдастырылған баспасөз туры кезінде мәлім болды. Журналистер алдымен «Бадам» индустриалды аймағындағы «Central Asia Aluminium Company» ЖШС нысанында болып, құрылыс барысымен танысты.

Құны 4,4 млрд теңгеге бағаланған бұл жоба жүзеге асқанда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Қазір зауыттың құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң, алюминий профильдерін өндіріп, ішкі нарықпен қатар экспортқа да өнім шығару жоспарланған.

Баспасөз туры аясында журналистер Ордабасы тауындағы Қазақ хандығының негізін қалаушы үш биге арналған «Бірлік» монументіне барды. Монумент маңында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Қасиетті нысан бүгінде туристер жиі баратын орындардың біріне айналған. Тарихи кешен толығымен демеушілердің қаражатына салынған.

Сапар барысында БАҚ өкілдері Темірлан ауылындағы «Этно ауыл» кешенінде туризм бағытындағы екі ірі жобаға да назар аударды. Солардың бірі — елімізде баламасы жоқ «AIR CRAFT» жобасы. Шұбар ауылдық округінде 54 гектар аумақта орналасқан бұл жоба ұшқыштар даярлау және шағын әуе кемелерін өндірумен айналысады. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар, Темірланда жеке кәсіпкер есебінен ашылған «Темірші» демалыс аймағы таныстырылды. Бір мезетте 300 адамға дейін қызмет көрсете алатын кешенде 30 адам тұрақты жұмыс істейді.

Ордабасы ауданы өнеркәсіппен қатар, туризм мен шағын авиация саласында да тың жобаларды іске асырып, өңірлік дамуға серпін беруде.