Су ресурстары министрі Отырар ауданында: Ағын су тапшылығын шешу жолдары қаралды

Су ресурстары министрі Отырар ауданында: Ағын су тапшылығын шешу жолдары қаралды

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Отырар ауданына жұмыс сапарымен келіп, су тапшылығы мәселесіне қатысты бірқатар маңызды нысандарды аралады. Министрмен бірге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев және басқа да жауапты мамандар қатысты.

Сапар барысында өңірдегі суару жүйесінің қазіргі жай-күйі мен алда атқарылуы тиіс іс-шаралар талқыланды. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, өзекті мәселелерге тоқталды. Әсіресе, бетондауды қажет ететін «Ақын Жақып» және «Д.Алтынбеков» каналдарына қаржы бөлу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Қоғам ауыл округінде орналасқан «Қызыл ту» насос станциясындағы жабдықтардың тозығы жеткенін айтып, оларды жаңғырту бойынша жұмыстар қолға алынып жатқанын жеткізді.

Министр Нұржан Нұржігітов судың стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, биылғы су тапшылығы ауа райының күрт өзгеруімен байланысты екенін тілге тиек етті. Ол ағын су мәселесін шешу — Үкіметтің басты назарында тұрғанын, бұл бағытта кезең-кезеңімен нақты жобалар жүзеге асырылатынын айтты.

Сапар аясында шаруалармен кездесу өткізіліп, олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Министрлік тарапынан қолдау шаралары қарастырылып жатқаны және су инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатыны айтылды.