Бәйдібек ауданында тұрғындар өтініштері тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді

Бүгін Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов жоспарлы қабылдау күні аясында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Кездесуге ауданның жауапты сала жетекшілері де қатысып, тұрғындар көтерген әрбір мәселені егжей-тегжейлі қарастырды.
Шаян, Жамбыл және Көктерек ауылдық округтерінен келген тұрғындар инфрақұрылымдық түйткілдер, жол сапасы, тұрғын үйге кезек, әлеуметтік көмек пен жаңа мектеп құрылысы сияқты маңызды мәселелерді ортаға салды.
Әкім барлық сұрақтарды мұқият тыңдап, оларды назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті. Жауапты бөлімдерге нақты міндеттер жүктеліп, кейбір мәселелер бойынша тұрғындарға заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өтініштерді шешу барысы аудан әкімінің тікелей бақылауында болады.
Тұрғындармен жеке қабылдау – жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді байланысты нығайтып, түйінді мәселелерді уақтылы шешуге мүмкіндік беретін маңызды құрал екені айтылды.
Айта кетейік, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін Бәйдібек ауданы әкімдігінің жалпы бөліміне жүгінуге болады. Сонымен қатар, өтініштерді e-otinish электронды базасы арқылы немесе 8700-484-92-13 сенім телефонына хабарласып беруге болады.





