Бәйдібекте ұлттық мұраны дәріптеген “Ауыл LIVE” сайысы өтті

Бәйдібекте ұлттық мұраны дәріптеген “Ауыл LIVE” сайысы өтті
Мыңбұлақ ауылында Түркістан облысының жастары бас қосқан “Ауыл LIVE” ұлттық ойындар сайысы ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты — ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, жастардың рухани тәрбиесіне ықпал ету, ұмыт бола бастаған құндылықтарды қайта жаңғырту.
Сайыстың ашылу рәсіміне Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов пен Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысы Ернар Нұралыұлы қатысып, қатысушыларға ақ жол тілеп, ұлттық рухты нығайтатын мұндай жобалардың маңызын атап өтті.
– Бүгінгі жастар – ертеңгі ел болашағы. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы біз олардың бойына рух, еңбекке құрмет пен тарихқа тағзым сынды қасиеттерді сіңіре аламыз. «Ауыл LIVE» — осы жолдағы маңызды қадам, – деді аудан әкімі.
Сайысқа облыстың 17 аудан-қаласынан жиналған жастар қатысып, ұлттық өнер мен тұрмыс дағдыларына негізделген 6 түрлі бағыт бойынша бақ сынасты.
Ұлдар сайыстары:
• Арқан өру
• Ағаштан бұйым жасау
• Асық ату
Қыздар сайыстары:
• Талқан тарту
• Таба нан пісіру
• Кесте тігу
Сондай-ақ, өнер алаңында ақындар айтысы ұйымдастырылып, жастардың суырыпсалмалық қабілеті мен шешендігі сынға түсті. Шара соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
“Ауыл LIVE” жобасы – ұлттың рухани байлығын жаңаша сипатта насихаттауға бағытталған жарқын бастама ретінде көпшіліктің оң бағасын алды.





