Түркістанда коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалар табысталып, үздік мамандар марапатталды

Түркістанда коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалар табысталып, үздік мамандар марапатталды,деп жазады Пресса24.кз.
Түркістан қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» мен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық сала қызметкерлеріне арналған арнайы техникалар салтанатты түрде табысталды. Шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, еңбек адамдарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.
Өз сөзінде өңір басшысы Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтарына ерекше мән беріп отырғанын айта келе, бұл бастама экономиканы нығайтып, қоғамда еңбекке деген құрметті арттыратынын атап өтті. Айтуынша, биыл өңірде 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, оның 60%-ға жуығы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Бүгінде облыстағы 30 колледжде 16 мыңнан аса жас кәсіби-техникалық білім алуда.
– Сіздердің адал еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз – жастар үшін үлгі. «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін беріп отыр. Бүгін тапсырылған техникалар қаламыздың тазалығы мен көркейуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Шара барысында түрлі салада еңбек етіп жүрген дәнекерлеушілер, электриктер, жүргізушілер мен коммуналдық қызмет мамандары марапатқа ие болды. Бірқатар азаматқа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» мен «Құрметті қызметкер» төсбелгілері, «Құрмет» грамоталары және алғыс хаттар табыс етілді. Марапатты облыс әкімі мен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан қаласының аумағында қазіргі таңда «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-не қарасты 35 техника тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2025 жылға дейін тағы 29 техника коммуналдық меншікке алынбақ, соның алғашқы 21-і бүгін табысталды.
Бұл техника паркін жаңарту – қаланың санитарлық жағдайын жақсартып, «Таза Қазақстан» бастамасын тиімді жүзеге асыруға үлкен қадам болмақ.





