Отырарда ұлттық рухты ұлықтаған қос мереке аталып өтті

Отырарда күннің жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күні биыл 6 шілдедегі Астана күнімен тұспа-тұс келіп, Отырар ауданында қос мерекеге арналған салтанатты жиын өтті.

«Астана – арман қала» және «Күмбірле, киелі домбыра!» атты мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, жиналған қауымды ұлттық рух пен тәуелсіздіктің символына айналған екі мерекемен құттықтады.

— Бүгін біз ұлт болмысы мен ел болашағын біріктірген маңызды күндерді атап өтудеміз. Домбыра – халқымыздың тарихы мен рухының көрінісі болса, Астана – жаңғыру мен жасампаздықтың белгісі. Бұл қос мереке – ұлттық мұра мен елдік мүддені тоғыстырған тағылымды күн, – деді Айдос Құлмаханов.

Салтанатты жиын барысында ауданның қоғамдық қауіпсіздігі мен бірлігіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік шарада жергілікті өнерпаздар ұлттық аспаптарда күй шертті, елорда мен туған елге арналған патриоттық әндер орындалып, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Кеш соңында аудан тұрғындары мен қонақтары ұлттық рухты сезінген, мерекелік көңіл күйге толы сәттермен тарқасты.