Қазақстан чемпионы атанған Бәйдібектің волейболшы қыздары

2025 жылғы маусым айының соңында Батыс Қазақстанда өткен волейболдан республикалық чемпионатта Түркістан облысының намысын қорғаған Бәйдібек ауданының жасөспірім қыздар командасы топ жарып, ел чемпионы атанды.
Жас спортшылар 2013–2014 жылы туғандар арасындағы жарысқа қатысып, финалға дейін жетіп, басты жүлдені жеңіп алды. Бұл – тек аудандық деңгейдегі жетістік емес, өңірлік спорт мектебінің жүйелі жұмысы мен бапкерлердің кәсіби шеберлігінің нәтижесі.
Жарыста Түркістан облысы құрамасында Бәйдібектен 11 волейболшы өнер көрсетті. Олардың көбі №3 олимпиадалық резервтегі спорт мектебінен және аудандық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен іріктелген.
Команданы жарысқа дайындаған жаттықтырушылар – Шынболат Альжанов, Дәуіржан Мергенбай, Айдана Үсенбекова және Лаура Шайырбекова. Олар бірнеше ай бойы шәкірттерін тынымсыз жаттықтырып, үлкен жарысқа дайындады.
Бәйдібектік спортшылардың бұл жеңісі – тәртіп, табандылық және бірлік үлгісі. Болашақта осы қыздардың ел намысын халықаралық деңгейде қорғайтын спортшыларға айналуы әбден мүмкін.





