Түркістан облысы: Сайрамда заманауи спорт кешені пайдалануға берілді

Түркістан облысы: Сайрамда заманауи спорт кешені пайдалануға берілді

Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

– Өңірде әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Жаңа спорт кешені аудан спортының дамуына серпін береді деп сенемін. Осы кешеннен ел чемпиондары шықсын, – деді облыс басшысы.

Салтанатты шарада ауыл ақсақалы Әбдіразақ Байназар мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі бокс бапкері Мұрат Айтжанов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы мен облыс әкімдігіне алғыс білдірді.

Кешеннің құрылысын «НурТехСервис» ЖШС 2023 жылы бастаған. Жоба Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен жүзеге асқан. Құрылыстың қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген кепілдендірілген трансферт есебінен жүргізілген.

Жалпы ауданы 646 шаршы метр болатын екі қабатты нысан 3,2 гектар аумақта орналасқан. Кешенде спорт залдар, жаттығу залы, киім ауыстыратын бөлмелер, душ, қызметкерлер мен медицина қызметкерлеріне арналған кабинеттер қарастырылған.

Жаңа спорт кешені гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетика сияқты спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Мұнда күніне шамамен 60–70 адам жаттығу жасай алады.

Бұл – өңір спорты мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы ілкімді қадамдардың бірі.