Сауран ауданында 300-ге жуық мал бордақылау алаңы салынады

Сауран ауданында 300-ге жуық мал бордақылау алаңы салынады
Сауран ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде болып, өңірде жүзеге асырылып жатқан мал бордақылау алаңдарының құрылыс барысымен танысты. Іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова және «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.
Қайрат Балабиев “Түркістан Ет өнімдері” ЖШС-не тиесілі мал бордақылау алаңының құрылыс алаңын аралап көрді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аталған жобаның аймақтың агроэкономикалық дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.
– Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтен 185 гектар жер бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Соның ішінде 30 бордақылау алаңы Ескі Иқанда салынып жатыр. Қазіргі таңда олардың 25-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске қосылған жағдайда кем дегенде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді аудан басшысы.
Жобаның негізгі ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір аумақта шоғырлануы. Бұл инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, шығындарды азайтып, жұмысты үйлестіріп жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар санитарлық және ветеринарлық талаптарды бір орталықтан бақылауға жол ашады. Бұл ет өнімінің сапасы мен көлемін арттырып, өңірдегі ауыл шаруашылығының әлеуетін көтереді.
Сервистік қызметтердің орталықтандырылуы кәсіпкерлерге де қолдау болмақ. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділік артады.





