ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА ЖАҒАЖАЙЛАРЫНДА ТАЗАЛЫҚ ПЕН ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ҚАТАҢ ТАЛАПТАР ЕНГІЗІЛДІ

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА ЖАҒАЖАЙЛАРЫНДА ТАЗАЛЫҚ ПЕН ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ҚАТАҢ ТАЛАПТАР ЕНГІЗІЛДІ
деп хабарлайды Пресса24 тілшісі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Шардара» су қоймасы маңындағы бірқатар жағажайларды аралап, олардың санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексерді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Облыс әкімі «Nurdelux», «ER I ZHAN», «Алтын жағалау» сынды халық жиі жиналатын демалыс орындарын арнайы аралап, олардың ахуалымен танысты. Тексеру нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, сол жерде жауапты тұлғалар мен кәсіпкерлерге нақты ескертулер жасалды.

«Мемлекет басшысы елдегі туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды. Бұл біздің де басты назарымызда. Соңғы екі жылда нақты жұмыстар атқарылғанымен, әлі де жүйелі кемшіліктер бар. Жағажайлардың тазалығы мен қауіпсіздігі басты талап. Егер ол орындалмаса, келісімшартты тоқтату қажет. Кәсіпкерлер өз міндетін адал атқаруы керек», — деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Туризм – аймақ келбеті

Облыс әкімі аудан әкімдігінің ғимаратында жағажайлар мен туристік орындарды реттеу мәселесі бойынша арнайы мәжіліс өткізіп, онда бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Атап айтқанда:

  • жағажай маңындағы қауіпсіздік деңгейін күшейту;
  • суға тым жақын орналасқан нысандарды талапқа сай алыстату;
  • құтқарушылар санын көбейту;
  • автотұрақтарды ретке келтіру;
  • алкогольді ішімдіктердің сатылуына жол бермеу;
  • тазалық пен тәртіптің сақталуын бақылау.

Сондай-ақ жағажайларды пайдаланушылардың өздері де тазалық талаптарын қатаң сақтау керектігі ескертілді.

Салық пен заңдылық — басты назарда

Жиын барысында облыс әкімі жағажайлар мен туристік нысандарда тіркелген жұмысшылар саны мен салық төлемдерін жүйелеу қажеттігін де атап өтті. Осыған байланысты жергілікті кірістер басқармасына, «Қазсушар» мекемесіне және табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына демалыс орындарын заңдастыру, тіркеу және құжаттарын нақтылау бойынша тапсырмалар берілді.

Облыс басшысы сонымен қатар бұл салада салғырттық танытқан шенеуніктер мен жауапты қызметкерлерге қатысты тәртіптік шара қолданылатынын да ескертті. Туристік маусым кезінде жағажайларда мониторинг тұрақты түрде жүргізілетін болды.