ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ЭКОТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ТЫҢ ЖОБА БАСТАУ АЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ЭКОТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ТЫҢ ЖОБА БАСТАУ АЛДЫ
деп хабарлайды Пресса24 тілшісі

Түлкібас ауданында экотуризм бағытын дамытуға арналған ерекше бастама жүзеге аса бастады. Арыс ауылдық округі аумағында орналасқан 10 гектар жер телімінде кәсіпкер Ғабит Пернебаев қолға алған «ALTY KÖL» жобасы — өңір туризмін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Жасанды көлдер мен ерекше өсімдіктер – жобаның негізі

Кәсіпкер 10 гектардың 5 гектарына 6 жасанды көл жасап, қазіргі таңда олардың екеуіне форель және бекіре балықтарының шабақтарын жіберіп үлгерген. Қалған көлдерге де балықтар қоныстандырылмақ. Ал жердің екінші бөлігінде сирек кездесетін сәнді ағаштар, алма бағы, жүгері, қауын-қарбыздың әртүрлі сорттары отырғызылған.

Бұл аумақты алдағы уақытта кәсіпкер демалыс аймағына айналдыруды көздеп отыр. Жобада этноауыл, амфитеатр, шағын зообақ, спорт алаңдары, демалыс үйлері, атпен серуендеу сияқты қызмет түрлері қарастырылған.

«Бұл — табиғатпен етене байланыс орнатқысы келетін туристер үшін таптырмас мүмкіндік. Біз тек демалыс емес, танымдық, мәдени және отбасылық туризмді де дамытуға үлес қосқымыз келеді», — дейді кәсіпкер Ғабит Пернебаев.

Шетелдік тәжірибе – жергілікті жобада

«ALTY KÖL» жобасының идеясы Австрия елінен алынған. Оның сызбасын Ресейлік кәсіби мамандар дайындаған. Бүгінде бұл нысанға Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев пен оның орынбасары Ғани Құрманбай арнайы барып, жобамен танысып, қолдау білдірді.

Мемлекеттік қолдау мен нақты міндеттер

Аудан басшысы кәсіпкерге балық жеміне 30% мемлекеттік субсидия бөлу мәселесін көтеріп, тиісті басқармаға жүктемелер берді. Бұл — ауыл шаруашылығы мен туризмді ұштастыра дамытатын тиімді жолдардың бірі.

Сондай-ақ, биылғы жылы Түлкібас ауданында туризм саласын дамытуға бағытталған жалпы құны 4,4 млрд теңгені құрайтын үш ауқымды жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бұл жобалар 220 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Экотуризм – өңір болашағы

Түлкібастың табиғаты мен географиялық орналасуы экотуризмді дамытуға өте қолайлы. «ALTY KÖL» сынды жобалар — өңірге туристерді тартумен қатар, ауыл тұрғындарына жұмыс орнын ұсынып, жергілікті экономиканың дамуына оң әсер етпек.