ТҮРКІСТАН: ЗАҢСЫЗ ҚАЗБАҒА ТОСҚАУЫЛ — МОБИЛЬДІ ТОПТАР ҚҰРЫЛДЫ

Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдалану және ауыр жүк көліктерінің салмақтық шектеулерді бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында арнайы мобильді топтар жұмысын бастады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Пресса24 тілшісі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен аудан-қала әкімдіктері мен облыстық полиция департаментінің қатысуымен құрылған мобильді топтар жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерін жүйелі түрде бақылауға алады. Бұл мәселе бүгін облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте кеңінен талқыланды.
Заңсыз қазба мен шамадан тыс жүк — басты назарда
Жиында жауапты сала өкілдері облыс аумағындағы заң бұзушылықтарға қатысты нақты деректермен бөлісті. Атап айтқанда, 11 шілде күні Сауран ауданы аумағында жүргізілген рейд кезінде ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдағаны анықталып, бірнеше заңбұзушылық тіркелген. Бұл көліктер құрылыс материалдарын тиісті талаптарды сақтамай тасымалдаған.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Түркістан облыстық көліктік бақылау инспекциясына жүк көліктерінің әрекетін қатаң қадағалауды және республикалық әрі облыстық маңызы бар жолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында рейдтерді тұрақты жүргізуді тапсырды.
Шоқтастағы заңсыздық — бақылауда
Сонымен қатар, Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округі, Шоқтас елді мекені маңында Құрсай өзенінің бойында белгісіз тұлғалар ірі көлемде заңсыз жер қойнауын қазумен айналысқаны белгілі болды. Бұл дерек бойынша ауыр жүк көліктері ұсталып, материалдар Түркістан облыстық полиция департаментіне жолданған. Құзырлы органға аталған істі толық бақылауға алу жөнінде тапсырма берілді.
Қоғамдық және экологиялық жауапкершілік — ортақ міндет
Жиын қорытындысында мобильді топтардың жұмысын күшейту, құқық бұзушыларға заң аясында қатаң шаралар қолдану, экологиялық қауіпсіздік пен көлік инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
«Біз бұл бағыттағы жұмыстарды бір реттік шара ретінде емес, тұрақты жүйе ретінде қарастыруымыз керек. Заңсыз жер қазу әрекеттері табиғатқа да, экономикаға да зиян. Әрбір ауданда бұл бағыттағы бақылау күшейтілуі тиіс», — деді Талғат Қозбеков мәжіліс барысында.
Мобильді топтардың жұмысы алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардан да белсенділік пен құқықтық мәдениет талап етіледі.
Пресса24 тілшісі.





